Аортокоронарлық шунттау (АКШ)
АКШ — бұл атеросклероздың өршуі нәтижесінде пайда болған тамырдың тарылған жерінен төменірек жүректің қан ағымын қалпына келтіретін хирургиялық араласу. Бұл хирургиялық манипуляция кезінде тарылған тұсты айналып өтіп, қан бармай қалған жүрек бөлігіне қан жеткізетін жаңа жол жасалады.
Жүрекке жол ашатын тілік кеуде қуысының ортасынан, төс сүйегінің ортаңғы сызығы бойымен жасалады. Екінші тілік немесе тіліктер әдетте аяққа жасалады. Дәл осы жерден хирургтар шунттау үшін пайдаланылатын вена тамырының кесіндісін алады.
Аяқтан вена тамыры барлық жағдайда бірдей алынбайды, бірақ өте жиі қолданылады. Мәселенің мәні — аяқтағы веналар әдетте салыстырмалы түрде «таза», яғни атеросклерозбен зақымдалмаған болып келеді. Сонымен қатар, бұл веналар ағзадағы басқа қолжетімді тамырларға қарағанда ұзынырақ және ірілеу болады. Соңғы кезекте, аяқтан вена кесіндісін алғаннан кейін, әдетте, кейіннен ешқандай проблемалар туындамайды. Қан айналымы бұзылмайды.
Отадан кейінгі алғашқы апталарда науқастың аяғы, әсіресе жүргенде немесе ұзақ тұрғанда, аздап ауырсынуы мүмкін. Уақыт өте келе бұл қолайсыздық басылады және науқас өзін мүлдем қалыпты сезінетін болады.
Жасанды қан айналымымен жасалатын аортокоронарлық шунттау (АҚШ)

Дәстүрлі АҚШ орталық стернотомия (кеуденің ортасынан жасалатын тілік) арқылы орындалады. Операция кезінде жүрек тоқтатылуы мүмкін.
Жасанды қан айналымын жүзеге асыру (жүрек қызметін тоқтату) үшін жүрекке канюлялар жалғанады, олар өз кезегінде жасанды қан айналымы аппаратының контурымен қосылады.
Операцияның негізгі кезеңінде жүректің орнына бүкіл ағзадағы қан айналымын қамтамасыз ететін «жүрек-өкпе» аппараты (жасанды қан айналымы аппараты) жұмыс істейді. Науқастың қаны жасанды қан айналымы аппаратына түседі, онда газ алмасу процесі жүріп, қан оттегімен қанығады, содан кейін түтікшелер арқылы науқасқа қайта жеткізіледі.
Сонымен қатар, науқастың дене температурасын қажетті деңгейде ұстап тұру үшін қан сүзгіден өткізіледі, салқындатылады немесе жылытылады.
Жасанды қан айналымы кезеңінде хирург вена мен коронарлық артерияның тарылған (стеноз) тұсынан төмен жерде анастомоз жасайды. Содан кейін жүрек қызметі қалпына келтіріліп, венаның екінші ұшы аортаға тігіледі. Барлық коронарлық артерияларды шунттау аяқталған соң, жасанды қан айналымы біртіндеп тоқтатылады. Коронарлық артерияларды шунттау операциясы әдетте 3 сағаттан 6 сағатқа дейін созылады.
Операцияның ұзақтығы оның күрделілігіне және науқастың жеке ерекшеліктеріне байланысты. Сондықтан қай отаның қанша уақытқа созылатынын алдын ала дәл айту мүмкін емес. Әдетте, шунттауды қажет ететін артериялар саны неғұрлым көп болса, операция да соғұрлым ұзақ болады.
Операцияның ең басты міндеті — атеросклероздың коронарлық тамырларға әсерін азайту арқылы науқастың өмірін өзгерту және жағдайын жақсарту. АҚШ операциясы коронарлық артерия ауруларын емдеуге және науқасты ауырсыну синдромынан арылтуға бағытталған. Дегенмен, ол науқасты атеросклероздан толықтай айықтыра алмайды.
Белгілі болғандай, атеросклеротикалық түйіндердің (бляшкалардың) пайда болуына көптеген факторлар тікелей әсер етеді. Ал коронарлық артериялардағы атеросклеротикалық өзгерістердің себебі — бірнеше қауіп факторларының жиынтығы. Жынысы, жасы, тұқым қуалаушылық — бұл өзгертуге келмейтін бейімдеуші факторлар, бірақ басқа факторларды өзгертуге, бақылауға және тіпті алдын алуға болады:
- Жоғары артериялық қысым
- Шылым шегу
- Холестериннің жоғары деңгейі
- Артық салмақ
- Диабет
- Төмен физикалық белсенділік
- Стрестер
Дәрігерлердің көмегімен сіз денсаулығыңыздың жағдайын бағалап, зиянды әдеттерден арылуға тырысып, біртіндеп салауатты өмір салтына көше аласыз.
Кардиохирургиялық емдеу кезеңдері
Стационардағы кардиолог науқасқа отаның мәнін түсінуге көмектеседі және емдеудің қандай кезеңдерінен өту керек екенін түсіндіреді.
Дегенмен, әртүрлі стационарларда науқаспен жеке жұмыс істеудің өзіндік хаттамалары бар. Сондықтан науқас кез келген сұрақты қоюдан қымсынбай, дәрігерден отаның күрделі тұстарын түсіндіруді сұрауы және өзін толғандырған мәселелерді талқылауы тиіс.
Хирургиялық араласуға дейін
Науқас стационарға жатқызылады. Арнайы үлгі бойынша толтырылатын зерттеулер мен ота жасауға науқастың жазбаша келісімі алынғаннан кейін, әртүрлі тесттер, электрокардиография және рентгендік зерттеу жүргізіледі.
Ота алдында науқаспен анестезиолог, тыныс алу гимнастикасы және емдік дене шынықтыру мамандары сөйлеседі. Дәрігер ота алдында санитарлық-гигиеналық шараларды өткізу (душқа түсу, клизма жасау, ота жасалатын жерді қыру) және қажетті дәрі-дәрмектерді қабылдау бойынша ұсыныстар береді.
Отаның алдындағы күні науқас кешкі ас ішпейді және отаға дейін сұйықтық қабылдамайды. Науқас пен оның отбасы мүшелеріне жүрекке ота жасау туралы ақпараттық-танымдық материалдар беріледі.
Отадан кейін науқастың жансақтау бөлімінде болу ұзақтығы хирургиялық араласудың көлеміне және оның жеке ерекшеліктеріне байланысты. Жалпы алғанда, ол бұл бөлімде жағдайы толық тұрақталғанша болады.
Кардиохирургия бөлімшесінде отадан кейінгі науқасты оңалтудың келесі кезеңі жүргізіледі.
Диета
Тұтынылатын тұз бен қаныққан майлардың мөлшерін азайту өте маңызды. Ота жасалғаннан кейін жүрекке байланысты ешқандай мәселе болмайды деп ойламаңыз. Егер сіз тамақтану рационыңыз бен өмір салтыңызға айтарлықтай өзгерістер енгізбесеңіз (шылым шегуден бас тарту, сауықтыру гимнастикасымен айналысу), аурудың қайталану қаупі өте жоғары болып қала береді. Жаңадан ауыстырып салынған веналарда да бұрынғы өз коронарлық артерияларыңызда болған дәл сондай мәселелер қайта пайда болады. Сіз бірінші отаны қажет еткен дәл сондай қиындықтарға қайта тап боласыз. Бұның қайталануына жол бермеңіз. Диетаны қатаң сақтаумен қатар, салмағыңызды да қадағалаңыз. Тамақ пен сусын таңдауда ұстамдылық пен парасаттылыққа сүйенгеніңіз абзал.
Шылым шегу
Шылым шегу — бұл алдын алуға ең оңай өлім себебі. Есіңізде болсын, шылым шегу тек жүрек ауруларынан ғана емес, сонымен қатар қатерлі ісіктен де өлімге әкелуі мүмкін. Тіпті ең дені сау адамдарға да темекі шегуге кеңес берілмейді. Коронарлық ауру қаупі бар адамдар үшін темекіге қол созуға тіпті де негіз жоқ. Егер сіз темекі шегетін болсаңыз - ТАСТАҢЫЗ!!!
Ауруханадан шыққаннан кейін үйге келгенде өзіңізді әлсіз сезінуіңіз мүмкін. Бұл әлсіздікті жүрекке жасалған отамен немесе жүрек ауруымен байланыстыруыңыз мүмкін, бірақ іс жүзінде барлық мәселе жұмыс істеуден қалған бұлшықеттеріңіздің, әсіресе ірі бұлшықеттердің әлсіреуінде болып отыр. Жас адамның өзін төсекке бір апта жатқызса, ол бұлшықет күшінің шамамен 15%-ын жоғалтады. Бұлшықет күшін қалпына келтірудің ең жақсы жолы — жаттығулар. Отадан кейін жаяу серуендеу ерекше тиімді, бірақ тым көп күш салмауға тырысыңыз. Мөлшерленген жүктемелердің негізгі критерийі сіздің жүрек соғысыңыздың жиілігі болады, ол жүктеме кезінде минутына 110 соққыдан аспауы керек.
Науқастардың депрессияға шағымданатын кездері жиі болады. Бұл сезімдер отадан кейінгі эмоционалдық жеңілдеуден туындауы мүмкін. Кейде науқастарға өздерінің сауығуы тым баяу жүріп жатқандай көрінеді.
Дәрі-дәрмектер
Сіз тек емдеуші дәрігеріңіз жазып берген дәрілерді ғана қабылдауыңыз керек. Отаға дейін қабылдаған дәрілеріңізді, егер олар қайта тағайындалмаса, ішпеңіз.
Жұмыс
Отырып істейтін жұмыста істеген науқастар, әдетте, ауруханадан шыққаннан кейін 6 аптадан соң жұмысына қайта орала алады. Ауыр жұмыспен айналысатындарға ұзағырақ күтуге тура келеді. Кейбір жағдайларда науқастар бұрынғы жұмысына қайта орала алмайды.
Үйде
Сіз келесі ережелерді сақтауыңыз керек:
- Таңертең үйреншікті уақытта тұру.
- Қажеттілікке қарай шомылу немесе душ қабылдау.
- Әрдайым басқа киім ауыстырып кию, күні бойы үйде түнгі киіммен жүрмеу. Өзіңізді ауыр науқас ретінде емес, сау әрі белсенді адам ретінде сезінуіңіз керек.
- Белсенділік кезеңдерінен кейін, таңғы және түскі астан соң жатып демалу керек. Күш түскеннен кейінгі демалыс өте пайдалы, сондықтан таңертең серуендеп келген соң (үйден бірнеше орам қашықтыққа), қайтып келіп, аздап ұйықтап алыңыз.
Жаяу жүру сіз үшін өте пайдалы, ол сауығуыңызды тездетеді. Серуендеуден бөлек, үй жұмыстарын істеуде де ешқандай қиындық болмауы тиіс. Театрға, дүкендерге баруыңызға болады. Достарыңызға баруға, көлікпен жүруге, баспалдақпен көтерілуге рұқсат етіледі. Кейбір жағдайларда дәрігер сізге жалпы оңалту процесінің бөлігі ретінде жүктемені біртіндеп арттырудың қатаң графигін белгілеуі мүмкін. Осындай бағдарламаны ұстана отырып, отадан кейін бірнеше апта өткен соң күніне 2-3 шақырым жаяу жүре алатын боласыз.
Сіз жыныстық өміріңізді қайта бастай аласыз, бірақ төс сүйегінің толық бітуі 2,5 - 3,5 айдан кейін ғана жүзеге асатынын ескеру қажет. Сондықтан жыныстық қатынас кезінде төс сүйегіне түсетін салмақты барынша азайтатын қалыптарды (мысалы, серіктесіңіз үстінде болатын қалып) таңдаған жөн.
Физикалық жағдайыңыз мүмкіндік берген бойда көлік жүргізуге болады.
Дәрігерге қайтадан қашан көрінуім керек?
Отадан кейін дәрігерге қаншалықты жиі баратыныңыз сіздің денсаулық жағдайыңыз бен дәрігердің ұсыныстарына байланысты. Әдетте, науқастарға ауруханадан шығар кезде келесі кеңес алу күні белгіленеді. Клиникадан үйге оралған соң, тұрғылықты жеріңіз бойынша учаскелік кардиологтың қабылдауына жазылуыңыз қажет.
Өмір салтымды өзгертуім керек пе?
Әдетте, коронарлық артерияларды шунттау отасы науқастарға қалыпты өмір салтына оралуға мүмкіндік береді. Отаның мақсаты — жұмысқа қайта оралуыңызға немесе егер зейнетте болсаңыз, белсенді әрі толыққанды өмірге қайта келуіңізге жағдай жасау. Отадан кейін өмір салтыңызға мынадай өзгерістер енгізу қажеттілігі туындауы мүмкін:
- Жүрек ұстамасының қаупін азайту үшін шылым шегуден бас тарту.
- Қан қысымының деңгейін бақылау.
- Салмағыңызды қадағалау.
- Тұз бен қаныққан майларды тұтынуды азайту.
Осының бәрі денсаулығыңызды ұзақ сақтауға және жаңа мәселелердің алдын алуға көмектеседі.
Болашақта мені не күтеді?
Отадан кейін сауыға келе, сіз оның шипалы әсерін толық сезіне аласыз. Коронарлық артериялардағы қан ағымының жақсаруы ауырсынудың азаюын, стенокардияның әлсіреуін немесе толық жойылуын білдіреді. Сізге қажетті дәрі-дәрмектер мөлшерінің азайғанын, тіпті олардан мүлдем бас тартуға болатынын байқайсыз, ал физикалық жүктемелер сізді аз шаршататын болады. Өміріңіздің жалпы сапасы жақсарады.






































